Білім

Озық кадр қайда даярланады?

Облыс әкімдігінде мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар-кеңес өтті.  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Нұрлан Сүйінбаевтың төрағалығымен өткен жиынға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының  маркетинг және PR қызметінің менеджері Гүлнұр Мақұлбаева және бір топ мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Семинар-кеңесте Гүлнұр Әзімханқызы электронды материалдар негізінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Өз баяндамасында ол оқуға мүдделі мемлекеттік қызметшілерді академияның білім беру бағдарламаларымен, қабылдау ережесімен және мерзімдерімен таныстырды, оқуға түсушілерге қойылатын талаптар жайында толық ақпарат берді.

Академияның миссиясы  — Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру  мақсатында мемлекеттік басқару саласындағы озық білімді кадрлар даярлау. Академия дипломатия, мемлекеттік және жергілікті басқару, сот төрелігі, мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі, мемлекеттік басқаруды модернизациялау институты, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтынан тұрады. Осы кезге дейін академияның әрбір оныншы түлегі саяси немесе оған теңестірілген лауазымды иеленді. Жыл сайын түлектердің  отыз пайызға жуығының лауазымы жоғарылайды.  Оқу орнының тоқсаннан астам түлегі Қазақстан Республикасының судьясы болып  тағайындалды, — деді Г.Мақұлбаева.

Гұлнұр Әзімханқызының айтуынша, академия түлектері оқуын аяқтаған соң бұрынғы лауазымға қайтып оралады немесе бұрынғысынан төмен емес лауазымға тағайындалады. Сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің кадр резервіне қабылданады. Оқу орнында оқыған мерзімі қызметкердің мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі. Академия тыңдаушыларының  негізгі контингенті республикалық бюджет қаржысы есебінен оқиды әрі оларға оқу шығындары мен соңғы жұмыс орнында алған еңбекақысы мөлшеріндегі стипендия тағайындалады.

Гүлнұр Мақұлбаеваның түсіндіруінше, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы халықаралық ұйымдар гранттары есебінен  оқу мүмкіндігін ұсынады. Академия тыңдаушылары жыл сайын Ұлыбританиядағы Оксфорд және Кембридж университеттері мен АҚШ-тың Беркли қаласындағы Калифорния университеті, Франция ұлттық магистратура мектебі ENM,  Нидерландыдағы ROI мемлекеттік басқару институты секілді  ірі оқу орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Бүгінгі таңда академияда 85 профессорлық-оқытушылар құрамы бар. Академияда білімін жалғастырғысы келетін мемлекеттік қызметшілерге Магистранттар үйінен орын беріледі. Мемлекеттік басқарудың ұлттық мектебінің тыңдаушыларына академия мен АҚШ-тың Дьюк университетін тәмамдағанын айғақтайтын екі диплом алуға мүмкіндік бар, — деді астаналық өкіл.

Жиын барысында Нұрлан Сүйінбаев жергілікті мемлекеттік қызметшілердің білімін академияда жалғастыруға мейлінше жағдай жасалатынын айтты.

Семинар-кеңес соңынан жиналғандарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Жақсылық Үмбетқалиев Елбасы Жарлығы мен жаңа редакцияда қабылданған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің талаптарына түсіндірме жасады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button